Оралда атмосфералық ауа сапасына қайта зерттеу жүргізілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрттен кейін нысанға жақын орналасқан аумақтарда атмосфералық ауа сапасына қайта зертханалық зерттеулер жүргізілді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Ұлттық сараптама орталығы» РМК зертхана мамандарымен бірлесіп полигонға жақын орналасқан аумақтардан атмосфералық ауа сынамаларын алды.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, зерттеу барысында атмосфералық ауа құрамындағы күкіртсутегі, көміртегі оксиді (иіс газы), азот оксиді, күкірт диоксиді, аммиак және азот диоксиді көрсеткіштері зертханалық зерттеуден өткізілді.

- Зертханалық зерттеу қорытындысы бойынша атмосфералық ауа құрамындағы аталған заттар бойынша шекті рұқсат етілген концентрациялардың асып кетуі анықталмады. Осылайша, қайта жүргізілген зертханалық зерттеулер барысында атмосфералық ауаның зерттелген көрсеткіштері бойынша белгіленген санитариялық нормативтерден асып кету деректері тіркелген жоқ, - деді К.Мұхитова.

Осыған дейін бастапқы зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша қалаға қарасты Деркөл кенті аумағынан алынған жекелеген ауа сынамаларында күкіртсутек пен көміртегі тотығы мөлшерінің шекті рұқсат етілген деңгейден асқаны тіркелген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғындары полигон түтінінен тыныс алу қиындағанын айтып шағымданғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенуіне байланысты кәсіпорынға айыппұл салынды.