ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында белгісіз біреулердің итті атып, өлексесін қоқыс жәшігіне тастағаны жөнінде бейнежазба тарады.
Instagram әлеуметтік желісінде орналастырылған бейнежазбада ер адам Зачаган кентінде Ақсу мен Теміртау көшесінде 29 қаңтар күні біреулердің келіп, иттерді атып, қоқыс жәшіктеріне лақтырғанын айтады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған дерек бойынша тексеру басталды. Иттердің неден өлгенін анықтау үшін өлекселері сараптамаға жіберілді.
БҚО ветеринария басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, қаңғыбас жануарларды атып жүрген азаматтар туралы деректер жоқ.
— Қалалық коммуналдық қызмет пен ветеринариялық станция қызметкерлері жануарлар өлекселерін жинастырады. Содан кейін мал моласына апарып, көмеді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мектеп маңында ит өріп жүргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).