ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бүгін коронавирус инфекциясынан бес адам емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, соның үшеуі – Түркістан облысынан. Біреуі – Орал қаласынан, тағы біреуі – Теректі ауданынан.
Бақылау сынамалары аталған бес адамның коронавирустан жазылып шыққандығын көрсетті. Енді олар 14 күн бойы үй карантинінде болады.
«Түркістандық тұрғындар үйлеріне таксимен жететін болады. Ауруханада жатқан басқа емделушілердің ішінде біреуінің жағдайы ауыр. Қалғандары жеңіл және орташа халде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша Батыс Қазақстанда 252 адам коронавирус жұқтырса, соның 101-і сауығып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған бес науқастың Ресейден келгенін, Теңіз кен орнынан келген мыңнан астам адамның үйден бақыланып жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).