Қала тұрғыны мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысындағы ірі мұнай компанияларының құжаттары стихиялық қоқыс алаңында шашылып жатыр.
- Бұл қалай болғаны? Мұндай құжаттарды жойып жіберудің орнына қоқыс алаңына лақтырып тастаған. Онда адамдардың жеке деректері де бар. Мердігер мекеменің кінәсі болса да, компаниялар өз құжаттарын жойып жіберуді аяғына дейін бақылау керек еді. Қоқыс алаңы су қорғау аумағында, №43 бағытта жүретін автобустың соңғы аялдамасында орналасқан, - дейді тұрғын.
Осыған орай Kazinform тілшісі тиісті мекемелерге арнайы сауал жолдаған еді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, аталмыш дерек жөнінде «ҚПО б.в.» компаниясы хабардар етілді. Мәселенің мән-жайы анықталу үстінде.
- Қазіргі уақытта ақауларға байланысты бейнебақылау камерасы жұмыс істемей тұр. Аталған аумақта стихиялық қоқыс орындары анықталды. Қоқыс төккен тұлғаларды анықтап, оларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті шаралар қабылданады, - делінген қала әкімдігінен келген ресми жауапта.
БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің нақтылауынша, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау – заң бұзушылық.
- Күні бүгін бұл мәселемен полиция айналысып жатыр. Кінәлі тұлғаны тапса, шара қолданамыз. Табылмаса, қалада жүргізіліп жатқан тазалық айлығы аясында қоқысты жинау жұмыстары жүргізіледі, - деді М.Ермекқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да рұқсат етілмеген 110-нан астам қоқыс үйіндісі тіркелгенін жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да Жайық өзеніндегі судың түсі неге өзгергені жөнінде экология департаменті жауап берді.