Оралдағы тарихи Ванюшиндер үйі жөндеуді қажет етеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Н.Некрасов көшесі 16/1-мекенжайында орналасқан көпес Ванюшиндердің үйі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Фото: БҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

Батыс Қазақстан облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Нұрлан Кенжиннің мәлім еткеніндей, тарихи-сәулет ескерткішінің қорғау аймақтары мен пайдалану режимі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 301 қаулысымен бекітілген.

Фото: Оралдағы тарихи Ванюшиндер үйі жөндеуді қажет етеді

Нұрлан Серікұлының сөзіне қарағанда, аталмыш үй ХІХ ғасырдың 80-жылдарында бой көтерген. Үш қабатты ғимарат Мәскеудің Кремль аумағыңда орналасқан сарайдың (ХVІІ ғасыр) архитектура үлгісіне еліктеп салынған. Құрылысқа жергілікті зауыт кірпіші пайдаланылған. Жобаның авторы белгісіз. 

Фото: БҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

— Ванюшиндер үйінің құрылымы сол мерзімде архитектор Иван Тец салған орыс-қырғыз мектебіне ұқсас. Сондықтан бұл ғимараттың авторы да Тец болуы мүмкін деген жорамал бар. Үйдің иелері — ағайынды Алексей, Павел, Александр, Сергей және Василий Ванюшиндер. Олар астық сатумен айналысып, ұн тартатын кәсіпорындарға, соның ішінде 2019 жылы жойылған Овчинниковтар-Ванюшиндердің диірменіне иелік еткен. Сонымен қатар балық, орман саудасымен құрылыс мердігерлігімен айналысып, дүкендер, трактирлер және арақ-шарап қоймаларын ұстаған, — дейді Н.Кенжин.

Оның айтуынша, көпес Ванюшиндер отбасы бұл үйді жеке меншік үй иелігінің коммерциялық клубына жалға беріп, кейіннен көпестер қоғамына сатып жібереді. Ағайынды Ванюшиндердің үлкені көп жылдар бойы Орал орманшылар қоғамының төрағасы қызметінде болып, Орал қаласының көшелері мен саябақтарын көгалдандыру қызметін атқарды. Ал бір інісі № 1 ратификациялау зауытының қожайыны болды. Оның зауытынан шыққан асханалық шараптың тіл үйірер дәмі үшін 1893 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Бүкіләлемдік көремеде медаль алған. Кейін бұл үй Оралдың, Бузулук пен Самараның көпестері балагур, кегельбан ойнап, демалатын коммерциялық (көпестік) клубқа айналды.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Инспекция мәліметі бойынша 1919 жылы ғимаратта Орал ақ казактар армиясының тыл қызметіндегілер орналасты. Кейін РК (б) П-ның қалалық комитеті, облыстық комитеті, коммунистер клубы болды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Одесса жаяу әскер училищесінің асханасы, оқу кластары және штабы болды.

Ауыл шаруашылығы техникумы болған кезде 1937-1940 жылдары атақты ақын, Қазақстан халық жазушысы Жұбан Молдағалиев осында білім алды. 

Ғимаратқа 1985-1987 жылдары жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пионерлер үйіне, 1992 жылы мектептен тыс жұмыс істеу орталығына айналды. Кейін Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-гимназиясы орын тепті. Қазіргі уақытта мұнда С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебі жұмыс істейді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

— Үш қабаттан тұратын ғимараттың кірпіштен қаланған жертөлесі бар. Шатыры металдан. Үйдің шығыстық қасбеті және солтүстік жағы сол уақытқа сай бейнелі қаланған. Үйдің қасбетінде бірнеше терезе ойығы бар. Үйдің артқы бөлігі тегіс қаланған. Төбесі шығыс үлгісіне тән айдаршалары бар шатыр тәрізді. Ғимараттың көлемдік-жоспарлық құрылымы, сәулеттік шешімі мен декоративтік элементтері Орал қаласының XIX ғасырдағы дәстүрлі сәулет өнерінің ерекшеліктерін көрсетеді. Күні бүгін ғимарат жөндеуді қажет етеді, — деп қосты инспекция басшысы.

Kazinform тілшісі тарихи ғимаратқа арнайы барып, жағдайды білген еді. Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, ең алдымен шатыр мен жылу жүйесін ретке келтірген жөн. Өйткені қар еріген кезде төбеден су ағады. Қыста кейбір кабинеттер, конференц-зал салқын, қабырғалардың сылағы түсіп, қабырғаларда жарықтар пайда болған.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Осыған байланысты арнайы сауалға жауап берген БҚО білім басқармасының мәліметі бойынша С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебі орналасқан ғимараттың жалпы ауданы — 3 мың шаршы метр. Қазіргі таңда мұнда 170 бала сурет және мүсін өнерімен айналысып, білім алуда. Сонымен қатар мектептің алты филиалы жұмыс істейді.
Ғимарат тарихи нысан болғандықтан, оны күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары белгіленген арнайы талаптар мен тарихи-мәдени мұра нысандарына қойылатын нормаларды сақтай отырып атқарылуы тиіс. Сондықтан мұндай нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізу кәдімгі ғимараттарға қарағанда біршама күрделі әрі уақытты қажет етеді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

— Бүгінде ғимараттың жағдайы назарда. Оны жөндеуге қажетті қаржы мәселесін шешу және тиісті мекемелермен бірге ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл ретте ғимараттың тарихи келбетін сақтау үшін сапаға баса көңіл бөлінгені маңызды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда өнермен айналысуы үшін жөндеу жұмыстарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізген дұрыс. Осыған байланысты қажетті қаржыландыру мәселесін шешіп, жөндеу жұмыстарын жеделдету бағытында тиісті шаралар қабылданатын болады, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қос ғасыр бұрын Оралдан ашылған Штраус дәріханасы жайлы не білетініміз жөнінде жазған едік.

Сондай-ақ Оралда Пушкин аялдаған тарихи ғимарат несімен маңызды.

Хан ордасындағы Қазынашылық ғимаратының тарихы қандай екендігі жазылды.