АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов күміс жүлдеге ие болды.
О.Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақта әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, аса тәжірибелі өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловпен шаршы алаңға шықты.
Азулы қарсыласынан именбей айқасқан Оразбек бірінші раундта соққыларын дәл тигізе білді. Мұны төрешілер көрмей қалған жоқ – 5:0.
Екінші кезеңде өзбекстандық боксшы алғашқы раундтағы есепті қайталап, таразы басын теңестірді. Ал шешуші үшінші раунд 5:0 есебімен М.Мирзахалиловтың пайдасына шешілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатының финалында 9 боксшының жетеуі өзбекстандықтармен алтынға таласатынын жазған едік.
Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Махмұд Сабырхан алғаш рет бокстан Азия чемпионатында топ жарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).