Орталық Азия бойынша ең арзан интернет Қазақстанда — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі елдегі интернет тарифінің қымбаттауы жөнінде пікір білдірді және интернетті қолдану күннен-күнге артып келе жатқанын айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

— Тұтынушы ретінде өзім сапасы төмен видеоны қарағым келмейді. Сіздерде де солай шығар. Егер өзіміздің инфрақұрылымымызды дамытқымыз келсе, интернет желілерін дамытқымыз келсе, әлемдегі интернетке төленіп отырған басқа елдердің тарифтерін қарап шығу керек. Мендегі ақпарат бойынша, Қазақстандағы 1 мегавитт құны — 0,57 цент. Бұдан арзан тарифтік бағдарлама Орталық Азияда жоқ. Оған қоса, бізде интернетке қолжетімділік артып келеді. Спутниктер де Қазақстанға алғашқылардың бірі болып еніп отыр. Басқа елдерде спутниктік интернет Қазақстандағыдай дамымаған, — деді Әбутәліп Мүтәлі Мәжіліс кулуарында.

Бүгін Мәжіліс телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

— Талқылауда депутаттар көтерген ең басты мәселе — тарифтердің қымбаттығы болды. Құзіретті органның айтуынша, бұл сала бәсекелі нарыққа берілген. Интернет желілерін дамыту бойынша кемі үш оператор, 30-ға жуық кіші операторлар бар. Ендігі оқылымға дейін әріптестерімізден тарифтерді реттеу бойынша ұсыныстар күтеміз, — дейді депутат.

Айта кетейік, жаңа заң аясында eGov, e-Otinish қызметтері мен Aitu мессенджері тарифсіз қолжетімді болмақ.

Сондай-ақ, биыл Қазақстанда пойыздар мен ұшақтарда интернет қолжетімді болады.

Алаяқтықтан тұрғындарды қорғау үшін ресми ұйымдар мен компаниялар қоңырауы таңбаланып, кімнің қоңырау шалғаны анық көрінетін болды.