Орталық Азия елдері атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түсуі тиіс - сарапшы

Фото: Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Орталық Азия елдері атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түссе, мемлекеттердің әлемдік аренадағы беделі артады. «Sputnik Өзбекстан» мультимедиалық баспасөз орталығы ұйымдастырған талқылауға қатысқан сарапшылардың пікірі осыған саяды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Саланың белді сарапшылары әуелі таяуда Самарқанда өткен халықаралық конференцияның қортындысын шығарды. Атом энергетикасының келешегі мен мүмкіндігі талқыланған іс-шараға 500-ден астам шетелдік делегат қатысты.

Оның аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады.

- АЭХА басшысы мен президент Шавкат Мирзиёев арасында кездесу өтті. Оның барысында тараптар елде атом энергетикасын дамытуға қатысты мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Бүгінгі таңда Өзбекстан үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, қарым-қатынасты нығайту маңызды. Сондықтан да Самарқан қаласында ауқымды конференция ұйымдастырылды. Бұл - тәжірибе алмасып, өзге елдердегі атом энергетикасының даму деңгейін бағамдау үшін таптырмас алаң. Конференцияны жыл сайын өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз, - деді «Uzatom» агенттігі атом энергиясы, ядролық технология және инновация басқармасының жетекшісі Надира Зикриллаева.

Фото: Sputnik Өзбекстан

Сарапшылар өңіраралық ынтымақтастық мәселелеріне де тоқталды. ҚР Атом ғылымы, энергетикасы және өнеркәсібі ардагерлері кеңесінің төрағасы Бауыржан Ыбыраевтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан ядролық отын өндірісі бағытын бірлесе дамыта алады.

- Орталық Азия елдерінің табиғи уран өндіру әлеуеті зор. Өзбекстан бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. Қазақстан да уранды тек ел ішінде өндірумен шектелмей, бұл жұмыстарды шет елдерде жалғастыру жоспарын қойып отыр. Еліміз табиғи уран өндірісі бойынша әлемде жетекші мемлекет саналады. Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, алдағы уақытта өңірлік интеграцияны бекемдей түсу керек. Бұл біздің әлемдік аренадағы рөлімізді және беделімізді арттыруға жол ашады, - деп тоқталды Бауыржан Ыбыраев.

Еске салайық, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады.

Таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС құрылысын бастау хаттамасына қол қойды.