«Өрт сөндірушілердің алдында басымды иемін. Олар өмірлерін тәуекелге байлай отырып, күні бойы Арыста өрт сөндірді, қирандыларды аршып, тұрғындарды эвакуациялады. Түнде оларға қауіпсіз жерге қонатын жер ұйымдастырылды. Ал олар штабта, спорт зал еденінді ұйықтап қалды. Таңертең әскери бөлімше аумағынан басқа қаланың барлық жеріндегі өрт сөндірілді. Нағыз батырлар», - деп жазды ол.
Бұған дейін Арыстағы төтенше жағдай салдарынан тұтанған 19 тұрғын үй, 9 қора-қопсы мен 14 далалы аумақтағы өрт сөндірілгені хабарланды. Ал әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасында снарядтардың әлі де ұшып, жарылуына байланысты ондағы өртті сөндіру жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды.
Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.
Жалпы кешегі аласапыран кезде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.