«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 21 сәуірде Өскемен қаласында атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізілді.
— Соның нәтижесінде ауаға тараған бірнеше зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталды. Атап айтқанда, күкірт диоксиді 1,888 есе, күкіртсутектің мөлшері 1,388 есе асқан. Ал кеше күкіртсутек бойынша 1,288 есе, көміртегі тотығы бойынша 1,230 есе асқаны тіркелген болатын. Ауа сапасын бақылау жұмыстары жалғасады, — делінген ақпаратта.
ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, Өскеменде ауаға шығарындылар өнеркәсіптік кәсіпорындардан бөлек, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары мен қыста пеш жағатын жер үйлерден таралады.
— Бүгінде қалада 134 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Желсіз күндері бұл да ауадағы ластаушы заттардың жиналуына әкеледі. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кездерінде кәсіпорындар өндірістік жүктемені 20-50%-ға төмендетіп жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін көмір электр станцияларынан зиянды газ бөлінуі 34%-ға дейін қысқаратындығы хабарланған.