Өскемендегі кәсіпорын ауаға тарайтын зиянды шығарындылар нормасын асырып жіберген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен тұрғындарының көшені түтін басуы мен ауаның ластануына қатысты жиі шағымдануына байланысты өңірдегі ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі — «Казцинк» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Фото: Pexels

Экологтар «Казцинк» ЖШС кешенінің металлургиялық алаңына барып, ауа сапасына зертханалық өлшеулер жасады. Ауа сынамаларын талдау нәтижесінде кәсіпорында ауаға тарайтын зиянды шығарындылар нормасының асып кеткендігі анықталды. Бұған зауыттағы сүзгілеу жабдықтарының ақаумен жұмыс істеуі негізгі себеп болып отыр. 

— Анықталған заңбұзушылықтар жекелеген газ тазарту қондырғыларының тиісті деңгейде пайдаланылмайтынын көрсетеді. Соның салдарынан пайдаланылған газдарды тазарту тиімділігі жобада көзделген деңгейде қамтамасыз етілмеген. Тексеру нәтижелері бойынша заңды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 328 және 331-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады ШҚО Экология департаментінен.

Рұқсат етілген шығарындылар нормативтерін және қорғаныш қондырғыларын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін айыппұл салумен қатар, қадағалау органы кәсіпорынға нақты талаптар қойды.

Ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға жабдықтарға регламенттік қызмет көрсетуді қысқа мерзімде ретке келтіріп, пайдаланылған газдарды тазарту жүйесін жобада көзделген параметрлерге келтіру жөнінде міндетті нұсқама берілді.

Еске салсақ, бүгін жеті қалада ауа сапасы нашарлайтыны хабарланған.