Урбанистика орталығы әлі құрылмаған: Өскеменнің даму жоспары қағаз күйінде қалмай ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен халқының саны 500 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Қаланың сол жағалауында жаңа шағын аудандар салынып, жасыл желектердің аумағын 241,5 гектардан 1 120,5 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Алайда мұның бәрі бір күнде жүзеге аспайды. Шаһардың Бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатқанда, өңірде осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге тиіс Урбанистика орталығы әлі нақты қызметіне кіріскен жоқ. Қаланың келешегіне қатысты жоспарлар мен олардың орындалу мүмкіндігі қаншалықты үйлеседі? Kazinform тілшісі бұл сауалдың жауабын зерделеп көрді.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

Қала қай бағытта өседі?

Өскеменнің Бас жоспарына түзетулер 2025 жылы енгізіле басталды. Қазір құжат жергілікті атқарушы органдармен келісіліп жатыр. Жоспар 2045 жылға дейінгі қаланың дамуын айқындайды. Соған сәйкес, халық саны 500 мың адамға дейін жетеді деп болжанып отыр.

Қаланың негізгі даму бағыты ретінде Ертістің сол жағалауы белгіленген. Меновное, Солнечное, Жаңа-Ахмер, Ахмер және 28-тұрғын ауданы аумақтарын кезең-кезеңімен игеру жоспарланған. Мұнда тұрғын үй салумен қатар жолдар, инженерлік желілер және әлеуметтік нысандар да қажет болады.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жаңа аудандардағы мектептер мен балабақшаларға қажеттілік болжамды халық саны мен демографиялық көрсеткіштер негізінде есептеледі. Мектептер үшін 1-9-сынып оқушыларының 100%-ын және 10-11-сынып оқушыларының 75%-ға дейінгісін бір ауысымда оқыту мүмкіндігі ескеріледі. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету деңгейі 85%-ға дейін есептеледі.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Бас жоспардың бірінші кезегінде қалыптасқан аумақтарды қайта жаңғырту, бос жерлерді кешенді игеру және қажетті инфрақұрылымды дамыту қарастырылғаны айтылған.

Фото: ШҚО әкімдігі

Алайда жоспардағы көрсеткіштердің өзі қаланың болашақта қандай болатынын толық көрсетпейді. Жаңа тұрғын аудандарының сапасы мектептердің, емханалардың, қоғамдық көліктің және инженерлік желілердің уақтылы салынуына байланысты.

Жасыл қалаға айналуға тиіс

Өскемен үшін жасыл желектер мәселесі өте маңызды. Себебі өндірістік шаһардың ауа сапасына қатысты жұртшылықтан арыз-шағым көп түседі. Қазір жалпыға ортақ пайдаланылатын жасыл аумақтардың көлемі — 241,5 гектар. Бір тұрғынға шаққанда 7,5 шаршы метрден келеді, ал көрсетілген норматив — 10 шаршы метр.

Бас жоспарда есептік мерзімнің соңына қарай жасыл желектер аумағын 1 120,5 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Комендантка өзені бойын көгалдандыру, жаңа саябақтар мен гүлзарлар ашу, Ертістің сол жағалауында рекреациялық аумақтар қалыптастыру жоспарланып отыр.

Биыл қаладағы жасыл желектерді түгендеу және дендрологиялық жоспар әзірлеу бойынша жұмыс басталған. Оның нәтижесі қолданыстағы ағаштардың жай-күйін бағалап, жасыл қорды дамытуға қатысты шешімдер қабылдауға негіз болуға тиіс.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

Дегенмен жоспарланған аумақ көлемі мен іс жүзінде сақталып, отырғызылып, күтіп-бапталатын ағаштар — екі бөлек көрсеткіш. Сондықтан көгалдандыру нәтижесін тек отырғызылған көшет санымен емес, олардың сақталуымен және тұрғындарға қолжетімді жасыл кеңістіктің ұлғаюымен бағалау маңызды.

Орталық әлі жұмысын бастамаған

Өңірде урбанистика мәселелері үшін арнайы мекеме құру туралы шешім 2026 жылғы 16 сәуірде қабылданды. Урбанистика орталығының міндетіне қалалық ортаны жақсарту, дизайн-кодтар мен мастер-жоспарлар әзірлеу, сәулеттік келбетті қалыптастыру және аудан-қала әкімдіктеріне әдістемелік көмек көрсету кіреді.

Алайда Бақытжан Байахметовтің жауабында мекеменің нақты қызметін әлі бастамағаны көрсетілген.

— Қазіргі уақытта «ШҚО Урбанистика орталығы» КММ-нің бекітілген штат саны, мамандар құрамы және бюджеттік қаржыландыру көлемі туралы мәліметтер жоқ. Себебі орталық әлі нақты қызметін бастамады, — делінген жауапта.

Бүгінде оның штаттық құрылымы мен қаржыландыру көлемі шешілу үстінде. Демек, мекеменің нақты жобаларға қатысу мүмкіндігін әзірше бағалау қиын.

Сонымен қатар өңірде дизайн-кодтарды әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Өскеменнің дизайн-кодын дайындаудың алғашқы кезеңі басталса, Зайсан ауданындағы жоба пысықталып жатыр. Катонқарағай мен Берел ауылдарының дизайн-кодтары бекіту сатысына жеткен.

Тұрғындар пікірі ескеріле ме?

Қалалық орта тұрғындарға арналғандықтан, оны өзгерту кезінде халықтың пікірін ескеру де маңызды. ШҚО әкімдігінің дерегінше, кейінгі екі жылда Өскеменде қала құрылысы жобалары бойынша бес қоғамдық тыңдау мен талқылау өткізілген. Әрқайсысына шамамен 25 адам қатысқан.

Мәселен, 21-шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын талқылау кезінде тұрғындар жекеменшік балабақшаға кіреберіс жол ұйымдастыру мәселесін көтерген.

Ұсыныс қаралып, жобаны түзету барысында оны іске асыруға мүмкіндік беретін шешім қабылданған.

Тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» арқылы аулаларды, саябақтарды, тротуарларды және балалар алаңдарын абаттандыру жөнінде де ұсыныс бере алады. Алайда ресми жауапта тұрғындардың жалпы қанша ұсыныс енгізгені және олардың қаншасы нақты жобаларға енгені көрсетілмеген.

Бұл дерек қоғамдық қатысудың бар екенін көрсеткенімен, оның тиімділігін бағалау үшін тұрғындар ұсыныстарының нәтижесі туралы ашық статистика қажет.

Фото: ШҚО әкімдігі

Жоспардан нәтиже күтіледі

Өскеменде қалалық ортаны жақсарту бағытында нақты жұмыстар да жүргізілген. Әкімдік дерегіне сәйкес, 2023-2025 жылдары 109 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөнделген. 2025-2026 жылдары алты қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобасы іске асырылған.

Алдағы уақытта шаһар дамуының негізгі құжаттарын әзірлеу, жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жасыл аумақтарды кеңейту жұмыстары жалғасуы керек. Бірақ жаңа жобалардың қаржыландыру көлемі әзірше нақты көрсетілмеген.

Өскеменнің болашағын айқындайтын басты өлшем — қабылданған жоспарлардың саны емес, олардың тұрғындардың күнделікті өміріне әкелетін өзгерісі. Жаңа ауданда мектеп пен емхана уақтылы салына ма, қоғамдық көлік қолжетімді бола ма, ал бүгінгі отырғызылған ағаштар ертең көлеңкелі саябаққа айнала ма? Бұл сұрақтарға нақты жауапты құжаттар емес, іске асқан жобалар береді.

Сондықтан алдағы кезеңде Урбанистика орталығының жұмысын бастау мерзімі, оның бюджеті және Бас жоспарда көзделген бастамалардың орындалу барысы қоғам үшін маңызды тақырып болып қала береді.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда урбанистика департаменті құрылғандығы туралы жазған болатынбыз.