Отандық түлектерге Азия–Тынық мұхиты өңірі елдерінде білім алып, жұмыс істей алады

Фото: «Мирас» мектебінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мемлекет басшысы жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану жөніндегі Азия–Тынық мұхиты өңірлік конвенцияны ратификациялау туралы Заңға қол қойды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, бұл Қазақстан үшін маңызды әрі нақты нәтижеге бағытталған қадам.

— Конвенция дипломдар мен біліктіліктерді өзара тану рәсімдерін жеңілдетіп, қазақстандық түлектерге Азия–Тынық мұхиты өңірі елдерінде білім алу мен жұмыс істеуге кеңірек мүмкіндік беріп, шетелдік студенттер үшін отандық университеттерге жол ашпақ. Бұл шешім жоғары білім беру жүйеміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын күшейтеді және Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде одан әрі нығайтады. Білімге негізделген жаһандық экономика жағдайында мұндай қадамдар адами капиталдың дамуына және елдің ұзақ мерзімді өсіміне тікелей қызмет етеді, — деді Саясат нұрбек.

Бұдан бұрын Саясат Нұрбек өңір әкімдерінен ЖОО-ларды компьютермен жабдықтау үшін қаражат бөлуді өтінгенін жазғанбыз.