Ақтөбе облысы Ойыл ауданында 29-наурыз күні төтенше жағдай жарияланып, қаладан төтенше жағдайлар қызметкерлері жіберілді.
Құтқарушылардың тізіміне 6 қызметкер енген. Олар: Н Бозшин, А.Құттыбаев, Ш.Тұрмағанбет, Р.Маликов, А. Абдуллин, Р.Харвенко. Содан бері 10 күннен астам уақыт өтсе де құтқарушылар тынымсыз жұмыс істеп жатыр.
«Біз 29-наурыз бен 1-сәуір күндері Ойыл ауданының Қаратал ауылында болдық. Су тасқыны кезінде адамдар мектепке қоныстанған екен. Алғашқы кездері ауыл ішін білмей, бағамдау жұмысы жүрді. Қай жерде су терең, қай маң ыңғайлы екенін барып, тексеріп көрдік. Сөйтіп біз мектепте қалған адамдарды қайықпен алып шығып, тікұшаққа жеткіздік. Сонымен бірге мектепке гуманитарлық көмек тасымалдадық. Төрт күн сонда өтті. Қаратал ауылына барған кезде біз өзіміз тасжол бойында ұйықтап шықтық. Құтқарушыларға арналған арнайы қап болды. Мектепке де баруға болатын еді. Бірақ онда адам көп, мазалағымыз келмеді»,- деді №2 құтқару бекетінің жетекші Нұрбол Бозшин.
Кейін құтқарушылар Ойыл ауданының орталығында өзеннің екі бетіне адамдарды, арнайы мамандарды тасуға көшті.
«Қазіргі кезде жағдай қалыпқа түсе бастады, жұмыс жүйеленді. Біздің міндетіміз өзеннің екі бетіне адам тасу. Жұмыс таңертең 7:00-де басталады. Сағат 20:00-ге дейін сонда жүреміз. Бірақ кейде адамдар «арғы бетке баруым керек, қонатын жерім жоқ», деп өтініш айтып, қауіпті болса да сағат 22:00-ге дейін жүріп қаламыз. Сонымен бірге қайықпен газ құбырын жөндейтін, электриктерді де тасимыз. Кеше ғана ауданға көпірдің жарамдылығын тексеретін арнайы мамандар келіп, олардың фотоға түсіруіне жағдай жасалды»,- деді Нұрбол Бозшин.
Ойыл ауданында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің екі қайығы бар. Өзеннің екі бетіне таситын темір қайыққа 5-6 адам, ал моторлы резеңке қайыққа 3-4 адам міне алады. Құтқарушылар шұғыл медициналық көмекпен жеткізілген науқастарға, қарияларға, арнайы мамандарға басымдық береді.
«Күніне 80-100 рейс жасаймыз. Қайықпен өзеннің екі бетіне 480-490 адам тасымалданады. Ойыл өзенінен қазір тура тасып жатқан жоқпыз. Себебі тура жолы батпақ, адамдар жүре алмайды. Сондықтан 2 шақырымнан асатын айналма жасаймыз. Бұл менің туған жерім, бірақ Ақтөбе қаласындағы Жедел құтқару жасағында жұмыс істеймін. Бұл жұмыста жүргеніме 17 жыл болды. Содан бері түрлі құтқару жұмыстарына қатыстым. Ал қайықты айдап жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды»,- №2 құтқару бекетінің жетекші Нұрбол Бозшин.
Айта кетейік, Нұрбол Бозшин төтенше жағдайлар қызметінде жұмысын 2007 жылы бастады. Алдымен сүңгуір болды. Кейін №1 құтқару бекеті бірінші бөлімше командирі қызметін атқарып, 2019 жылдан бастап №2 құтқару бекетінің жетекшісі.
«Төтенше жағдай болған соң адамдар кейде алғыс айтады, кейде ренжиді. Біз кезек қоймай, таси береміз. Кейбірі бұрын мініп кетіп, қалып қойғаны өкпесін білдіріп жатады. Құтқарушылар үзіліссіз жұмыс істейді. Қажетті тамақты жағаға әкеледі немесе жағада тұрған киіз үйден ауқаттанып келеді. Мұның бәрі реттеліп, ұйымдастырылған»,- деді ол.
Еске салсақ, Ойылда понтом көпір де бар.