Өзбекстан ауасы ең лас әлем елдерінің рейтингісінде 59-шы орынға жайғасты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан биыл қоршаған ортаның ластануы бойынша әлемдегі 115 елдің ішінде 59-шы орынға жайғасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Numbeo талдау платформасының зерттеуіне сай, республикада ластану индексі 60 пункт шамасында бағаланып отыр. Осылайша, Өзбекстан ТМД мемлекеттері арасында жетінші орында. Бұл ретте әлемдік рейтингіде Қазақстан — 30, Қырғызстан — 34, ал Әзербайжан 35-ші орынға жайғасқан.

Numbeo платформасының есебіне сәйкес, ауасы ең лас елдер көшін Камерун, Мьянма және Ливан бастап тұр.

Еске салайық, Өзбекстанда қауіпті өнеркәсіп нысандарындағы ереже бұзу дерегін хабарлағандар сыйақы алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр өзбекстандық кәсіпорындар ауаны ластайтын шығарындыларды 2 есе қысқартуға міндеттелді. Өзбекстанның ірі қалаларында қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындарды ашуға тыйым салынады.