Өзбекстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық және ынтымақтастық шартына қосылды

Фото: pixabay.com

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) мүше елдер Өзбекстанның осы ұйым аясындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа қосылу өтінімін мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo агенттігінің ақпаратына сай, Өзбекстанның аталған құжатқа қосылуы туралы бастаманы ел президенті Шавкат Мирзиёев көтерген.

Бір жылға жуық дайындық пен келіссөзден кейін Куала-Лумпурда өткен АСЕАН Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде ресми Ташкенттің ұсынысы мақұлданды.

Тоқтала кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісіміне 1976 жылы 24 ақпанда Индонезияның Бали қаласында қол қойылған. Ол АСЕАН аймағындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаларын анықтайтын маңызды құжат саналады.

— Өзбекстанның осы шартқа қосылуы еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл мемлекеттер арасындағы «G2G» ынтымақтастығына ғана емес, сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді, — деп хабарлады Dunyo агенттігі.

Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстан президенті ЮНЕСКО-ның Жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды.

Сондай-ақ, таяуда көршілес ел басшысы Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін стратегиялық формат деңгейіне көтеру бастамасын алға тартты.