Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo агенттігінің ақпаратына сай, Өзбекстанның аталған құжатқа қосылуы туралы бастаманы ел президенті Шавкат Мирзиёев көтерген.
Бір жылға жуық дайындық пен келіссөзден кейін Куала-Лумпурда өткен АСЕАН Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде ресми Ташкенттің ұсынысы мақұлданды.
Тоқтала кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісіміне 1976 жылы 24 ақпанда Индонезияның Бали қаласында қол қойылған. Ол АСЕАН аймағындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаларын анықтайтын маңызды құжат саналады.
— Өзбекстанның осы шартқа қосылуы еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл мемлекеттер арасындағы «G2G» ынтымақтастығына ғана емес, сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді, — деп хабарлады Dunyo агенттігі.
Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстан президенті ЮНЕСКО-ның Жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды.
Сондай-ақ, таяуда көршілес ел басшысы Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін стратегиялық формат деңгейіне көтеру бастамасын алға тартты.