Өзбекстан SpaceX компаниясымен бірлесіп ғарышқа өз спутнигін ұшырмақ

Фото: Фото: "Өзбекғарыш" агенттігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Илон Масктің SpaceX компаниясымен бірлесіп, ғарышқа спутник ұшыру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

«Өзбекғарыш» агенттігінің мәліметінше, ғарыш кеңістігіне зерттеу жүргізетін жерсерік ұшыру бастамасы өзбек делегациясының Лос-Анджелеске сапары барысында талқыланған. Спутникті Жапонияның Кюсю технологиялық институтында оқып жатқан өзбекстандық студенттер құрастыруы мүмкін.

Сонымен қатар тараптар келіссөзі барысында SpaceX компаниясының өкілдері Өзбекстанның 2035 жылға дейін ғарышты зерттеу стратегиясын дамыту үшін көмек көрсетуге ниетті екеніндерін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың SpaceX ғарыш компаниясы Өзбекстанға ұлттық ғарыш бағдарламасын әзірлеуге жәрдемдесетінін жазып едік.

Бұған қоса, келер жылы Өзбекстан ТМҰ-ға мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшырмақ.

Сондай-ақ, былтыр ресми Ташкент ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.