Өзбекстан Президентінің кино саласын реформалау жөніндегі жарлығына сәйкес, 2028 жылға дейін елдің тарихы, мәдениеті мен көрнекі мұрасы туралы деректер қоры құрылып, жүйелі түрде толықтырылып отырады.
Жасанды интеллект технологиясымен фильм түсіруде бұл деректерді O‘zbekfilm AI Lab зертханасы қолданады. Бұған қоса зертхана кино саласының мамандарын даярлаумен де айналысады.
Сонымен қатар реформа аясында жасанды интеллект технологиясымен жасалған фильмдер үшін арнайы санаттар енгізіледі.
Аталған жарлыққа сәйкес, «O‘zbekfilm» 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдер мен кино мұрағатының қорындағы туындыларды жариялауға арналған ұлттық онлайн-платформаны іске қосуы керек.
Сондай-ақ 2028 жылдан бастап кино билеттерін есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделген. Жүйе киносеанстардың өтуін, билет сатылымы мен кассалық түсімді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек елде кино саласы өкілдерінің палатасы құрылып, Ташкентте балаларға арналған кино шығармашылығы мектебі ашылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғаш рет Astana AI Film Festival кинофестивалі өткені хабарланған болатын. Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түсіп, ол жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер арасындағы ең ірі халықаралық байқаулардың біріне айналды.
Сонымен қатар Best Character номинациясында қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан жеңімпаз атанғанын жазған едік. Оның фильмі қарапайым әзілден басталып, біртіндеп үлкен жанжалға ұласатын комедиялық оқиғаны баяндайды.