Өзбекстанда парламент сайлауы өтіп жатыр

Фото: Фото: Әлихан Аскар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда сағат 8.00-де Заң шығару палатасына (парламенттің төменгі палатасы) және облыс, қала мен аудан кенгаштарының депутаттарын сайлау басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Бірінші болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы елшіліктер жанынан құрылған сайлау учаскелері ашылды. Жалпы учаскелер саны - 10 717, оның 56-сы 39 шет мемлекетте. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады. 

Фото: Әлихан Аскар/Kazinform

Айта кетсек, биыл парламент сайлауы тұңғыш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйемен өтеді. Партияларға сайлауалды үгіт-насихатты 26 шілдеден бастап жүргізуге рұқсат етілді. 

Фото: Әлихан Аскар/Kazinform

16-23 қазан аралығында мерзімінен бұрын дауыс беру ұйымдастырылды, онда сайлаушылар тізіміне енгізілген 19,9 млн өзбекстандықтың 1 миллионнан астамы өз таңдауын жасады. 

Фото: Әлихан Аскар/Kazinform

Еске салсақ, парламент сайлауына 5 партия қатысып жатыр: Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы, Өзбекстанның экологиялық партиясы, Халықтық-демократиялық партия, «Милли тикланиш» демократиялық партиясы және «Адолат» социал-демократиялық партиясы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстандағы парламент сайлауында кейбір учаскелерге электрондық дауыс беру жүйесі енгізілді.