ОРАЛ. ҚазАқпарат – Өзімнің және жақындарымның қауіпсіздігі үшін вакцина алдым. Бұл туралы «Мақсат» медицина колледжінің 1 курс студенті Ботакөз Ізтелеуова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ботакөз бүгін Зачаган кентіндегі №6 емханада Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасымен егілді.
Ол бірінші компонентті алғаннан кейін өзін жақсы сезінетінін жеткізді.
«Жасым 17-де. Осы Орал қаласында тұрамын. Жақындарымның бәрі екпе алды. Менің де вакцина алуыма ата-анам рұқсатын берді. Бұл – түптеп келгенде, бәріміздің қауіпсіздігіміз үшін керек. Өзім «Мақсат» медицина колледжінде мейіргер ісі мамандығына оқып жатырмын. Алдағы уақытта осы салада білімімді жетілдіріп, халықтың денсаулығын нығайту жолында еңбек еткім келеді», деді Б.Ізтелеуова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанға 29 250 доза Pfizer вакцинасы жеткізілгенін, өңірде балалар арасында тұмауға шалдығу жиілегенін, вакцина алғандар саны 246 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда Pfizer вакцинасын егу басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).