Оқиға биыл мамыр айында болды. Айыптау актісіне сүйенсек, сотталушы бұған дейін де мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға куәлігінен айырылған. Соған қарамастан туысқанының көлігін алып, тағы да мас күйінде рульге отырған. Түнде патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, құжатын сұраған кезде бөлесінің сақтандыру полисін ұсынады. Ал полиция қызметкерлері осы құжатты алып, сараптамадан өткізеді, әкімшілік хаттама толтырады.
- Маған 1414 нөмірінен хабарлама келді. Менің үстімнен әкімшілік іс қозғалған екен. Мән-жайды білу үшін полиция басқармасына бардым. Олар мені патрульдік полиция қызметіне жіберді. Онда әкімшілік іс қозғалғанын, қазір өзімнің тергеу изоляторында отырғанымды айтты. Ал мен ол жақта емес, полицияның бөлімде тұрмын. Түстен кейін келуді сұраған соң кетіп бара жаттым. Бірақ полиция қызметкері мені қуып жетіп, сот отырысы жүріп жатқанын айтты. Видео арқылы менің фотомды, кейін бөлемді көрсетті. Сол күні рульде болған мен емес, бөлем. Ал хаттама менің атыма толтырылып, полиция мені қамауға алдым деп ойлаған,- деді куәгер Серік.
Сот отырысына патрульдік полиция қызметкерлері де қатысып, куәлік етті. Олар Серік есімді адамның фотосында ұқсастық болғанын, нақты сол адам деп ойлағанын айтты. Тек сақтандыру полисін алып, сараптамаға апарады. Ал қалған құжаттарын электронды түрде ортақ базадан шығарып алған. Осы жауапсыздығы үшін полиция қызметкерінің бірі қатаң сөгіс, екіншісі қызметіне толық сай емес ескертуін алған. Сот-медициналық сараптама кезінде бөтеннің құжатын ұсынған жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды.
- Сот отырысы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады. Соған қарамастан оның кінәсі сот құжаттарымен дәлелденді. Полиция, медицина қызметкерлері куәгерлік етті. Сотталушы мас күйінде болған, қорытынды бар. Сонымен бірге видео дәлел болды. Айыптау тарапы іс дұрыс сараланды деп санайды. Сотталушыны айыпты деп танып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жазасын өтеу орнын қауіпсіздігі төмен жүзету мекемесі деп белгіленсін,- деді прокурор.
Ақтөбе қалалық №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 356-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Әлеуметтік желіде көп қаралым мен лүпіл жинамақ болған ақтөбелік жүргізуші қамалды. Ол қаланың бас даңғылындағы жүргіншілер жолында көлігімен жүрген.