Әлеуметтік желіде көп қаралым мен лүпіл жинамақ болған ақтөбелік жүргізуші қамалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ол қаланың бас даңғылындағы жүргіншілер жолында көлігімен жүрген. Жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзған ақтөбелік 10 тәулік уақытша ұстау изоляторында отырады.
Әлеуметтік желіге жарияланған видеодан мемлекеттік нөмірі жоқ Nissan Primera автокөлігінің жүргіншілер жолындағы еркін қозғалысы көрінеді. Жүргізуші көлігімен Ақтөбе қаласы Тұңғыш Президент атындағы саябақтан Ғ. Жұбанова көшесіне дейінгі аралықта жүрген.
- Полиция заңға бағынбай, қоғамға қауіп төндірген жүргізушінің кім екенін жедел анықтады. Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің әрекетін «әлеуметтік желідегі танымалдылық үшін» деп түсіндірді. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыға қатысты әкімшілік заңнаманың 6 бабы бойынша хаттама толтырылды. Атап айтқанда, автокөлікті мемлекеттік нөмірсіз басқару, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол белгілері мен маневр жасау қағидаларын сақтамау, жарық-дыбыстық сигналдарды заңсыз қолдану және ұсақ бұзақылық та бар. Сот жүргізушіні 10 тәулік әкімшілік қамаққа алып, айыппұл салу туралы шешім шығарды. Айыппұлдың жалпы көлемі 160 мыңнан асады,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ұсталған жүргізуші видеоны TikTok әлеуметтік желісіне салып, қаралым мен лүпіл, пікір жинамақ болған.
- Мұндай іс-әрекет осындай жағдайға әкеледі деп ойламадым. Шын ниетпен өкінемін. Лүпіл, қаралым жинау үшін болды,-деді жүргізуші.
Еске салсақ, Өскемен қаласында 59 рет жол ережесін бұзған шетелдік жүргізуші тоқтатылды. Тексеру барысында ер адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар екені анықталды.