Талап қоюшы 2016 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебіне қойылған. Кейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-на берілген.
2026 жылы жүргізілген түгендеу барысында талап қоюшының жұбайының атына тіркелген жылжымайтын мүлік анықталған. Осыған байланысты банк азаматқа мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді тоқтатқан.
Сот бұл шешімді заңсыз деп тапты.
— Сот түгендеу нәтижелері бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді тоқтата тұру түріндегі шараны қолдану заңда көзделмегенін анықтады, — деп хабарлады Павлодар сотынан.
Сонымен қатар сот қолданыстағы заңнамада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алғанға дейін белгілі бір жағдайлар туындағанына қарамастан, есептен шығаруға тыйым салынатынын атап өтті. Соттың қорытындысы бойынша, мемлекеттік қолдау шараларын негізсіз тоқтату талап қоюшының тұрғын үй құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған.
Нәтижесінде «Отбасы банктің» әрекеті заңсыз деп танылып, азаматтың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы қалпына келтірілді. Бұл ретте оның 2016 жылы тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған күні сақталды.
Еске сала кетейік, Павлодарда экономикалық қылмыстар бойынша келтірілген залал 3,4 млрд теңге болды.