Павлодарда колонияға жіберілген тіс пастасының ішінен есірткі табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодардағы колонияның бірінде тіс пастасының ішіне есірткі жасырып, кіргізбекші болғандардың ісі әшкере болды. Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған

Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

№46 мекемеде сотталғандардың біріне синтетикалық есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мекеме қызметкерлері пошта арқылы келген сәлемдемені тексеру кезінде күмәнді затты анықтаған.

- Тексеру барысында тіс пастасының ішінен ашық сары түсті ұнтақ салынған полиэтилен пакет табылды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі – альфа-PVP екенін көрсетті. Оның салмағы 0,7 грамды құраған, - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.

Мамандар аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, Павлодарда колонияға жіберілген бөлке нанның ішінен телефон табылды.

Ал оның алдында Павлодар түрмесінде шай арасына жасырылған ұялы телефон табылғанын жазғанбыз.