«Отбасы банк» Азия даму банкінен шамамен 90 млрд теңге көлемінде қаржы тартпақ. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл – халықаралық қаржы институтының банкке деген сенімінің көрсеткіші. Себебі мұндай ұйымдар инвестиция салатын жобаларды мұқият іріктейді.
Қаражаттың бір бөлігі «Ұмай» әйелдер ипотекасы бағдарламасына және «Жасыл ипотеканы» дамытуға бағытталады. Оның сөзінше, «Отбасы банк» Қазақстанда экологиялық ипотекалық өнімдерді алғаш енгізген қаржы ұйымдарының бірі.
– Біз қазақстандық отбасылардың шығынын жіті бақылап отырмыз. Соңғы жылдары коммуналдық төлемдердің айтарлықтай өскенін байқап келеміз, - деді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалар мемлекет пен меншік иелерінен жаңа инфрақұрылымдық шығындарды талап етеді. Бұл өз кезегінде тарифтердің қымбаттауына әсер етуі мүмкін.
– Біз алғашқылардың бірі болып тұрғын үйдің энергия тиімділігі мәселесін көтердік. Болашақта мұндай баспаналар сұранысқа ие болады. Себебі ай сайын жарық пен жылуға 13 мың теңге төлеу мен 26 мың теңге төлеудің айырмашылығы отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді, - деді ол.
Осыған байланысты банк энергияны үнемдейтін материалдарды қолданатын құрылыс компанияларын қолдай бастаған. Қазіргі таңда кей тұрғын үйлер орталық жылу немесе электр жүйесіне қосылмай, автономды жүйелер арқылы қамтамасыз етіледі.
– Кей жағдайда ипотека төлемі 150 мың теңге болса, коммуналдық және қызмет көрсету шығындары тағы 160 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бұл отбасы үшін екінші үлкен қаржылық жүктемеге айналады, - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы.
Ол «Отбасы банктегі» ипотекалық төлем бүкіл мерзім бойы өзгеріссіз қалатынын, ал коммуналдық тарифтер уақыт өте өсетінін айтты. Сондықтан энергия тиімді тұрғын үй мәселесі қазір ерекше өзекті болып отыр.
Сонымен қатар банк «Жасыл ипотека» бағдарламасы бойынша мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отыр.
– Бұған дейін сыйақы мөлшерлемесі жылына 12,5–14,5% аралығында болды. Қазіргі нарық жағдайында бұл жоғары көрсеткіш саналады. Сондықтан мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бағдарламаны іске қосу маусым айына жоспарланып отыр, - деді Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ ол қазір исламдық ипотека өнімдері белсенді түрде зерттеліп жатқанын айтты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірінші оқылымда «Кредиттік рейтинг агенттігі туралы» заң жобасын ұсынған. Қосымша нормаларға сәйкес, «Отбасы банкке» исламдық қаржыландырумен айналысу құқығы беріледі. Заңға маусым айының соңына дейін қол қойылады деп күтіліп жатыр.
– Лицензия рәсімдеу тамыз айына дейін созылуы мүмкін. Ал қыркүйекте немесе ең кеші 1 қазанға дейін ислам қағидаттарына негізделген жаңа өнім таныстырылады деп жоспарланып отыр, - деді ол.
Ләззат Ибрагимова исламдық қаржыландыру жүйесінде пайыз алуға тыйым салынатынын атап өтті. Сондықтан банк пайызсыз депозиттер мен пайызсыз несиелер ұсынуды көздеп отыр. Дегенмен қаржылық модель сақталады, тек жұмыс істеу тетігі дәстүрлі пайыздық жүйеден өзгеше болады.
Айта кетейік, бұған дейін Ләззат Ибрагимова алдағы жылдары баспана бағасы төмендемейтінін айтқан болатын.