Алдағы жылдары баспана бағасы төмендемейді – Ләззат Ибрагимова

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жоғары сұранысқа байланысты алдағы жылдары баспана бағасының төмендеуі күтілмейді. Бұл туралы Отбасы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкіметтегі брифингіде айтты. 

р
Коллаж: Kazinform / Freepik

Оның айтуынша, 2000-жылдардың басында елде туу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Егер 2000 жылы 222 мың бала дүниеге келсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 321,9 мыңға жеткен. Жеті жылда жыл сайынғы өсім шамамен 15 мың бала болған.

— Қазір сол жастар еңбек нарығына шығып жатыр. 2000 жылы туғандардың жасы қазір 26-27-де. Сәйкесінше, олар баспана нарығында өте жоғары сұраныс қалыптастырып отыр. Өткен жылы біз 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салдық — бұл 150 мыңнан астам пәтер. Соған қарамастан, сатылым жүріп жатыр: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы да, коммерциялық ипотека арқылы да, халыққа тікелей сату арқылы да, — деді Ләззат Ибрагимова.

Сұраныстың өсуіне неке санының артуы да әсер етіп отыр. Банк басшысының айтуынша, елде жыл сайын шамамен 120-130 мың неке тіркеледі.

— Елестетіп көріңіздер, жаңа отбасы құрылғанда ең бірінші жоспар — пәтер сатып алу. Сондықтан 2000-2009 жылдары болған демографиялық үрдіс, яғни бейби-бум 2026-2027 жылдары тұрғын үй сұранысына өте қатты әсер етеді, — деді ол.

Сонымен бірге Л.Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үй бағасының күрт қымбаттауы да екіталай.

— Біріншіден, бағаның төмендеуі болмайды, мұны нақты айта аламын. Екіншіден, қайталама нарықта түрлі факторлар әсер етуі мүмкін, бәлкім белгілі бір тоқырау болуы ықтимал. Ал жаңа тұрғын үйлер нарығында көп нәрсе шикізат пен құрылыс материалдарының бағасына, сондай-ақ құрылыста жұмыс істейтін адамдардың жалақысына байланысты болады. Бірақ демографияға және қазіргі көрсеткіштерге қарап, бағаның төмендеуі екіталай, — деді банк басшысы.

Бұған дейін Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын емге пайдалану мүмкіндігі қайта енуі мүмкін екенін айтқан еді.

Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту үшін қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум