Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраевтың айтуынша, әзірге жергілікті масштабтағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған жоқ. Шешім 4 шілде күні өткен қалалық әкімдік жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында қабылданды. Бұл шешім ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғам талқылауына салынған.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялаудың мақсаты – Петропавл 2-ші ЖЭО болған апат салдарын жою.
«Негізгі міндет – төтенше жағдайдың ықтимал теріс дамуына бағалау жүргізу, жылыту маусымын қауіпсіз өткізу үшін қажетті шараларды қолдану, қажет болған жағдайда әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылыту үшін қосымша жабдықтар сатып алу», - делінген қаулы жобасында.
Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурыз күні Петропавл жылу орталығының түтін мұржаларының бірі ішінара опырылып құлаған еді. Үйіндінің астында қалған жұмысшы қайтыс болды . Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды . Тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ.
Сондай-ақ, Энергетика министрі Болат Ақшолақов Петропавлдағы мұржасы құлаған 2-ЖЭО-да болып, нысанды күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге қажет екенін айтты.
Ал, жуырда «Севказэнерго» АҚ түтін мұржасын бөлшектеуге неге үш адамның ғана жұмылдырылғанына түсінік берді .