Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта адам көп жиналатын орындарда тәртіп сақшыларына жағдайды бақылауға көмектесу үшін робот-иттер қолданылып жатыр. Бұл робот-иттер негізінен «Хан Шатыр» сауда әрі ойын-сауық орталығы, әуежай, теміржол вокзалдары, сондай-ақ «Астана Арена» және «Барыс Арена» спорт кешендерінің маңында іске қосылған.
Итке ұқсатып жасалған бұл роботқа жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар қосылған. Қозғалыс барысында робот бейнежазбаны нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына (ЖБО) жіберіп отырады, ал ондағы қызметкерлер жағдайды бақылауда ұстайды.
— Бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы жағдайды жылдам бағалауға және қажет болған жағдайда, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, — деп хабарлады полиция.
Роботтар іздеуде жүрген адамдарды анықтайды
Осындай робототехникалық жүйелердің бір мүмкіндігі – құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан адамдарды анықтауға жәрдемдесу. Егер жасанды интеллект жүйесі іздеудегі адам туралы деректермен сәйкестік бар екенін анықтаса, онда басқару орталығына хабарлама жіберіледі. Орталық қызметкерлері бұл ақпаратты тексеріп, қажет болған жағдайда, жақын маңдағы полицейлерге хабарлайды.
Полиция департаменті бет-әлпетті автоматтандырылған жүйе арқылы сәйкестендірудің өзі ғана адамды тұтқындауға жеткілікті негіз бола алмайтынын атап өтті. Мұндай шешімді заңнамада көзделген құқықтық негіздер болған жағдайда, тиісті өкілеттігі бар полиция қызметкерлері қабылдайды.
Бейнежазбаларды кімдер қарай алады?
Полицияның мәліметінше, құрылғылардан алынған жазбалар Жедел басқару орталығындағы арнайы қауіпсіз сақтау орнына жолданады. Бұл жазбаларды орталықтың тиісті рұқсаты бар қызметкерлері ғана қарайды.
Робот-иттердің қоғалысы қалай жоспарланады?
Қаладағы қатты аязда, қар жауғанда, дауылды жел соққанда бұл робот-иттердің жұмысына қатысты бір ерекшеліктер бар. Мұндай климаттық жағдай техниканың қазғалысы мен оның аккумуляторының жұмыс істеу мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Полиция роботтарды тұрақты түрде қашықтан басқару қажет етпейтінін және олар өздігінен қозғала алатынын, сондай-ақ техникалық конфигурациясына байланысты кедергілерді емін-еркін айналып өте алатынын хабарлады. Батареяның толық қуаты шамамен төрт сағат жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
Полицияға не себепті робот-иттер қажет?
Роботтандырылған жүйелердің басты артықшылығы – олардың мобильділігі. Стационарлық бейнебақылау камераларына қарағанда, олар белгілі бір аумақ бойынша қозғала алады және әртүрлі нүктелерден бейнежазбаларды жіберуге мүмкіндік береді.
Осыны ескере отырып, робот-иттер дәстүрлі патрульдер мен қолданыстағы бейнебақылау жүйелерін толықтырады, бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындарда не болып жатқаны туралы қосымша ақпарат алуға көмектеседі. Сонымен қатар олар полиция қызметкерлерін алмастырмайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін төрт робот-ит қолданысқа енгізілді.