Полиция беделіне нұқсан келтірді: Әділетхан Молдаханға тағылған айыптар жария етілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Фото: instagram / adiletkhan

Оған ҚР Қылмыстық Кодексi 274-бабы 2-тармағы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды.

Сот отырысының басында төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков айыпталушы тараптың істі қысқартылған тәріппен өткізу туралы өтінішінен прокуратура бас тартқанын айтты.

Фото: Kazinform

Одан кейін Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов айыпталушыға моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойды. Ол өз қорғауындағы азаматтың кәсіби беделіне нұқсан келгенін айтты.

Тараптардың өтініштері айтылған соң, сот отырысында прокурор Ұлжан Әбдіраманова айыптау актісін оқыды. Онда Әділетхан Молдахан әлеуметтік желідегі парақшасында қараушыларды көбейту мақсатында резонанс тудыратын бейнероликтер енгізіп отырғаны айтылды. Мемлекеттік айыптаушы Молдахан Instagram желісінде 2026 жылдың 21 наурызында болған жол апаты бойынша жағымсыз деректер айта отырып, полиция қызметкерлері туралы теріс пікір қалыптастырғанын атап өтті. Оның ішінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев және Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаевтың құқықтарына нұқсан келгенін мәлімдеді.

— Айыпталушы Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев және Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаев туралы ешқандай дәлелдемесіз бизнесте ықпалды азаматтардың балаларына қамқоршылық танытқаны туралы бейнежазба таратқан, — деді прокурор.

Еске салайық, өткен сот отырысында айыпталушы Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіпте өткізуге өтініш жасады.

Ал жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойған еді.

Бұған дейін Алматыда 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан ұсталғанын жазғанбыз.

Ол әлеуметтік желіде құқықтық саладағы бейнежазбаларымен танымал. Әсіресе, оның Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы жариялаған бейнежазбалары желіде кеңінен тарады.

Сот қаулысымен оған 10 тәулік мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған болатын.

Кейін Әділетхан Молдаханды қамауда ұстау мерзімі 2 айға ұзартылды.