Полиция жүргізушілерге қатаң ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында жоспарлы түрде ауқымды профилактикалық рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: видеодан салынған скрин

Бұндай шаралар бұған дейін де жүргізілді және алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Оның басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

Бүгінгі таңда еліміздің бес өңірінде, яғни Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында «Құқық бұзушылыққа жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолда жүру қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталып, жолы кесілді.

– масаң күйде және жүргізу құқығынсыз көлік басқарудың шамамен 500 дерегі;

– жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін, яғни қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың шамамен 300-ге жуық әрекеті;

– жүргізушінің қауіпті әрекеттерінің, оның ішінде көлік жүргізу кезінде телефон қолданудың 800-ден астам дерегі.

- Жалпы алғанда, мамандандырылған айып тұрағына 2,8 мыңнан астам автокөлік қойылып, 450-ден астам мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды. Әрбір тоқтатылған құқықбұзушылық — алдын алынған апат, сақталған бір өмір мен аман қалған денсаулық. Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жалғасады,-делінгенполицияның хабарламмасында.

Осыған дейін Алматыда автотұрақ ережелерін бұзған 15 мың жүргізуші айыппұл арқалағаны туралы жаздық.