Полицияның шұғыл шақыруларға арналған 102 байланыс желісі — халықтың ішкі істер органдарына хабарласуы үшін ең көп пайдаланатын байланыс арналарының бірі. Еліміз бойынша күн сайын азаматтардан шамамен 12-15 мың өтініш келіп түсіп, өңделеді.
Жыл басынан бері 4 миллион 117 мыңнан астам өтініш қабылданған. 102 нөміріне келіп түскен барлық қоңырау ақпараттық жүйеде автоматты түрде тіркеліп, полицияның кешенді күштері арқылы тиісті шаралар қабылданады. Бұл ретте бірде-бір хабарлама назардан тыс қалмайды.
«Полицияның халыққа қолжетімділігі» қағидатын іске асыру аясында тұрғындар үшін тікелей 102 телефон нөмірінен бөлек, өтініш қабылдаудың қосымша арналары қарастырылған. Атап айтқанда, өтініштерді қабылдаудың омниканалды жүйесі, «Police 102» мобильді қосымшасы, «SOS» дабыл түймесі, сондай-ақ «Заң және тәртіп» сервисі жұмыс істейді.
Аталған байланыс арналары азаматтарға оқиғалар мен құқық бұзу туралы полицияға жедел хабарлауға мүмкіндік береді. Келіп түскен хабарламалар оқиғаның сипаты мен болған орны ескеріле отырып, тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау үшін ішкі істер органдарының құзыретті бөлімшелеріне жолданады.
Айта кетелік Алматыда SOS батырмасы бар алғашқы телемедициналық модуль іске қосылғаны туралы жазған едік.