Польшада мемлекеттік төңкеріс туралы хабарлар тарап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Варшавада елдің Конституциялық трибуналының ғимаратын полиция қоршады, наразылық білдірушілер ғимараттың айналасын қаумалап тұр. Бұл туралы DW жазды.

Фото: Wojtek Radwanski/AFP

Бұл трибуналдың 15 судьясының бірі Анна Корвин-Пиотровска трибуналдың төрағасы Богдан Свенчковски мен төрағаның орынбасары Бартоломей Соханьскиді бір айға міндеттерінен шеттету туралы шешім қабылдағаннан кейін елдегі саяси жағдай ушығып кеткен.

30 қазанда жарияланған құжатта екі басшы да 2026 жылы Сейм (парламент) тағайындаған судьялардың істерді қарауына кедергі келтіргені айтылған. Анна Корвин-Пиотровска бұл шешімді қабылдау құқығын 2016 жылғы трибуналдың ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу тәртібі туралы заңға сүйене отырып қолданғанын, 3 қарашада трибунал судьяларының жалпы жиналысы өтетінін жариялады.

Сол уақытта мемлекеттік органның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында орган сайтының «заңсыз басып алынғаны» туралы хабарланды.

Трибуналдың сайтында жоғарыда аталған X желісіндегі парақшаның органға ешқандай қатысы жоқ екені айтылған.

«Мемлекеттік төңкеріс» туралы Соханьски де айтты

Польша президенті Сенегалға сапарын тоқтатты

Польша президенті Кароль Навроцкий Конституциялық сот аумағына полиция келгенін және сот төрағасы Богдан Свенчковский қызметінен шеттетілгенін білген соң, Сенегалға бағыт алған ұшағын кері бұрып, еліне оралды.

— Мұндай сәтте президент Польшада болуы керек. Сенегалға бара жатқан сапарымды тоқтатып, елге қайтып жатырмын, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Варшава полициясының түсініктемесі

Варшава полициясы бас прокурор және әділет министрі Вальдемар Журектен ғимараттың айналасында өтіп жатқан наразылық акциялары кезінде Конституциялық трибуналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды сұраған өтініш алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне трибунал судьяларының бірінің «өмірі мен денсаулығына төнетін ықтимал қауіп» туралы хат келіп түсті.

Жауап ретінде полиция ғимаратты қоршауға алды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғимарат ішіне кірмегені айрықша айтылды. Полиция наразылық білдірушілер оларға «қауіпті заттарды» лақтырғанын мәлімдеді. Қоршаудан асып түсіп, трибунал аумағына кірген үш шеруші ұсталды.

Польшадағы трибуналға қатысты қақтығыс бірнеше айдан бері өршіп келеді.

Кейінгі апталарда Конституциялық сот ғимаратының алдында оппозиция өкілдері наразылық акцияларын өткізіп жатыр. Бұған премьер-министр Дональд Тусктің өз үкіметінде бұрын министр болған Марчин Беректі осы соттың судьясы етіп тағайындау туралы шешімі себеп болған.

Бұған дейін Польшада премьер-министрге шабуыл жасамақ болған күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.