АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХІV турында алматылық «Қайрат» өз алаңында елорданың «Жеңісімен» тең түсті.
Алматылық «Қайрат» биыл бас жүлдеге қол созамыз деп үміттеніп отыр. Қазір турнир кестесінде үздік үштікте келеді.
Ал «Жеңіс» ұзақ жылғы үзілістен кейін үздіктер қатарына қайта қосылды. Әзірге жанкүйер көңілінен шығарлық ойын көрсете алмай жүрген жайы бар.
Жазғы трансферлік кезеңде команда құрамына көптеген жаңа ойыншыларды тартты.
Кездесу барысында алматылық клубтан Жоао Паоло 49-минутта есеп ашса, 83-минутта елордалық командадан Лукаш Будинский таразы басын теңестірді.
Командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Айта кетсек, 13 шілдеде «Шахтер» мен «Жетісу» 0:0 есебімен тең түссе, «Қайсар»«Елімайды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ «Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларының еурокубокта ойнауына байланысты аталған турдағы олардың қатысуымен өтетін бірқатар ойындар кейінге шегерілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.