«Қайсар» өз алаңында Семейдің «Елімайын» сүріндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХІV турында қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Семейдің «Елімайын» сүріндірді.

футбол
Фото: instagram.com/fc_elimai

Биылғы біріншілікті сәтсіз бастаған қызылордалық клуб соңғы турларда жанкүйер көңілінен шығып келеді. Соңғы он турда небәрі бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Есесіне семейлік команда ала-құла ойын көрсетіп жүр. Кейінгі алты кездесуде бес мәрте тең түскен еді. 

Бүгінгі ойында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. 

Ойынның 13-минутында олардың қатарынан Алвеш Дос Сантос Роджерио мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. 

Ал екінші кезеңде 56-минутта «Қайсар» сапынан Айбар Жақсылықов пенальтиден таразы басын теңестірсе, 95-минутта Горан Милойко жеңіс голын соқты.

Айта кетсек, 61-минутта қызылордалық клубтан Тоқтар Жаңғылышбай қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Осылайша он ойыншымен қалса да «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, аталған турда 13 шілдеде «Шахтер» мен «Жетісу» тең түскен еді.

Енді 14 шілдеде 18:00–де «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады.

Сондай-ақ «Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларының еурокубокта ойнауына байланысты аталған турдағы олардың қатысуымен өтетін бірқатар ойындар кейінге шегерілді.

Соңғы жаңалықтар