Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыс прокуратурасының тапсырмасына сәйкес «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметіне тексеру бастаған. Оған Экология, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және тиісті мамандар қатысып жатыр.
Прокуратураның мәліметінше, тексеру 2026 жылдың 8 қазанында тағайындалып, 30 жұмыс күніне жоспарланған. Қазіргі уақытта тексеру жалғасып жатыр.
- Тексеріспен экологиялық заңнама талаптарының сақталуына, ластаушы заттар шығарындыларының заңдылығына, эмиссиялар нормативтерінің орындалуына және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуына, сондай-ақ өңірдің экологиялық ахуалына әсер ететін факторларына баға беріледі,-деді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Мирас Жалмурзин.
Қазір тексеруге қатысқан мамандар тиісті қорытынды дайындап жатыр. Прокуратура тексеру нәтижесі туралы анықтамамен танысқаннан кейін заңға сәйкес шешім қабылданатынын хабарлады.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының құбырынан шыққан қара түтінге ұқсас қою бу әлеуметтік желіде қызу талқыланғаны жөнінде жазған едік. Кәсіпорын өкілдері оның су буы екенін мәлімдеді.
Еске салайық, экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, бірқатар талаптың бұзылғанын анықтаған еді. 2026 жылдың 25 тамызында және 2-7 қыркүйегі аралығында күкіртті қалпына келтіру қондырғысында (ҚКҚ) және каталитикалық крекинг қондырғысында (ККҚ) болған төтенше жағдайлар нәтижесінде алау қондырғысына апаттық газ шығарындылары болғаны анықталды. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асқан.
Кейін кәсіпорын тексеріс нәтижесіне қатысты өз ұстанымын жариялады.