Qarmet өздері өндіретін металды пайдалана отырып жаңа кокстық батареялар салып жатыр

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – Qarmet металлургиялық комбинатында кәсіпорынды кешенді жаңғырту бағдарламасы аясындағы стратегиялық жобалардың бірі – №8–9 жаңа кокстық батареялар құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Фото: Qarmet

Ауқымды жобаның басты ерекшелігі – болашақ өндірістік кешеннің құрылысына компанияның өз өндірісінде шығарылған металл өнімдерінің қолданылуында. Бүгінде құрылыс алаңында кәсіпорынның қолданыстағы қуаттарында өндірілген А400 маркалы мың тоннадан астам арматура пайдаланылып жатыр.

Стратегиялық маңызы бар нысан құрылысында өздері өндіретін металды қолдану Qarmet компаниясының толық өндірістік циклді меңгергенін айқын көрсетеді. Бұл – шикізатты өңдеу мен болат балқытудан бастап, металлургиялық кешенді дамытуға тікелей пайдаланылатын дайын прокат өнімдерін шығаруға дейінгі тұтас өндірістік тізбектің қалыптасқанын білдіреді.

Фото: Qarmet

Кәсіпорын үшін бұл тәсіл тек өндірістік тиімділік қана емес, ұзақмерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Qarmet өз өндірістік мүмкіндіктерін жетілдірумен қатар, кәсіпорын қызметінің нәтижесін қайтадан өндірісті жаңғыртуға бағыттап отыр. Осылайша зауытта шығарылған өнім комбинаттың технологиялық тұрғыдан жаңаруына берік негіз болуда.

-А400 маркалы арматура өзінің жоғары беріктігімен, сенімділігімен және үлкен жүктемелерге төзімділігімен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттер ірі өнеркәсіптік нысандарды салу кезінде аса маңызды. Өйткені құрылыс конструкцияларының беріктігі болашақ өндірістің қауіпсіздігі мен ұзақ уақыт бойы тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді, – деп атап өтті Qarmet өкілдері.

№8–9 жаңа кокстық батареялар жаңартылған металлургиялық өндірістік тізбектің маңызды буынына айналмақ. Жобаны іске асыру кокс-химия өндірісін жаңғыртуға, домна өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және кәсіпорынның технологиялық әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Фото: Qarmet

Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс материалдарының сапасы мен өндірістік шешімдердің тиімділігіне ерекше мән берілген. Qarmet-тің өзінде өндіріліп шығарылған А400 маркалы арматура жоғары жүктемелер түсетін және күрделі өнеркәсіптік жағдайларда пайдаланылатын нысандарға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар компания сортты прокат өндірісін дамыту бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қолданыстағы өндірістік қуаттарды толықтыру мақсатында Qarmet биыл жылына 540 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа илемдеу станының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңа өндірістік нысан өнім түрлерін кеңейтіп қана қоймай, оның сапалық көрсеткіштерін жақсартуға және А500, А1000 маркалы жоғары сұранысқа ие арматура өндірісін арттыруға жол ашады.

Бұл бағыттың дамуы құрылыс саласы, ірі инфрақұрылымдық жобалар және жоғары эксплуатациялық қасиеттерге ие заманауи материалдарға қажеттілік артып отырған өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін аса маңызды.

Фото: Qarmet

Бүгінде жаңа кокстық батареялар құрылысы алаңында болашақ өндірістік кешеннің негізі қалану үстінде. Жобаны жүзеге асыру барысында өздері өндіретін металды пайдалану Qarmet компаниясының техникалық мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен бірге өз өнімінің сапасы мен беріктігіне деген жоғары сенімін де көрсетеді.

№8–9 кокстық батареялардың құрылысы металлургиялық комбинатты кешенді жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Кәсіпорынды жаңарту шеңберінде мырыштау және полимерлік жабындар өндіру желісін салу, сортты прокат шығару қуаттарын дамыту, сондай-ақ құю-прокат кешенін құру сияқты ірі жобалар да жүзеге асырылап келеді.

Аталған бастамалардың барлығы өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға, қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға және кәсіпорынның технологиялық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Qarmet-тің ауқымды трансформациясының негізінде компанияның ішкі ресурстары, жылдар бойы жинақталған өндірістік тәжірибесі және жоғары білікті инженерлік әлеуеті жатыр.