Qarmet компаниясы 2025 жылдан бастап ыстықтай үздіксіз мырыштау және полимерлі жабын жағу бойынша заманауи кешен салу жобасын жүзеге асыруда. Жаңа өндірістік нысан кәсіпорынды техникалық жаңғыртудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігіне айналып, қорғаныш полимерлі жабыны бар өнімдерді қоса алғанда, мырышталған металл өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында екі негізгі өндірістік желі салу қарастырылған. Ыстықтай үздіксіз мырыштау желісінің қуаты жылына 240 мың тонна өнімді құраса, полимерлі жабындар желісі жыл сайын 180 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақтың жалпы көлемі 30 мың шаршы метрден асады.
Жаңа кешен Qarmet дамуының маңызды нысандарының біріне айналады. Себебі ол шығарылатын металл өнімдерінің түрлерін кеңейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Мырышталған және боялған илем құрылыс саласында, өнеркәсіпте, машина жасауда және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында кеңінен сұранысқа ие.
Жаңа өндіріс орнына арналған негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізуші — John Cockerill Industry Technologies Co. Ltd (Beijing) компаниясы. Компания өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру және металлургия саласына арналған технологиялық шешімдерді ұсыну бағытында халықаралық тәжірибесі өте мол.
— Қазіргі кезеңде базалық инжинирингті қабылдау жұмыстары аяқталып, құрылыс алаңын дайындау жүргізіліп жатыр. Жобаның ауқымы шамамен 200 мың текше метр жер жұмыстарының орындалуын, 20 мың текше метр темірбетон конструкцияларын салуды, шамамен 7 мың тонна металл конструкцияларын монтаждауды және 5,5 мың тоннадан астам технологиялық жабдықты орнатуды көздейді, — деді жоба мамандары.
Осындай ауқымды нысанды жүзеге асыру кешенді дайындықты және құрылыс-монтаж жұмыстарының үлкен көлемін талап етеді. Алаңда өндірістік ғимараттар бой көтеріп, заманауи жабдықтар орнатылып, олардың металлургиялық комбинаттың қолданыстағы инфрақұрылымына кіріктірілуі қамтамасыз етіледі.
Кешен пайдалануға берілгеннен кейін Qarmet мырышталған және боялған илем өндірісін айтарлықтай арттырып, металл өнімдері нарығындағы позициясын нығайтады және қазақстандық тұтынушыларға отандық өндірістің кеңейтілген өнім түрлерін ұсына алады.
Жаңа нысан отандық өнеркәсіптің дамуына да елеулі үлес қосады. Өйткені ол Қазақстанның құрылыс, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларын заманауи сапа талаптарына сай келетін отандық металл өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.