Қазірден бастап рақымшылыққа іліккендерге әлеуметтік бейімдеу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. Бейімдеу орталықтары олардың әрқайсысына жұмыспен қамту мен қайта оқытудың түрлерін ұсына отыра, кеңес беретін болады. Жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыру үшін 160 квота және 260 бос жұмыс орындары бар. Бұған қоса, 2017 жылы 757 адамды қайта оқыту үшін 219 млн теңге қарастырылған.
«Біздің басты міндетіміз - олардың әрқайсысын бейімдеп, жұмысқа орналастыру. ІІМ-мен, ҚАЖК-мен бірлесе барлық мәселені шешіп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасауымыз керек. Сонымен қатар, оларды бақылауда ұстаған жөн. Бастысы - қылмыстың өсуіне жол бермеу», - деп мәлім етті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық әкімдікте өткен арнайы жиында.
Басқосуда халықты жұмыспен қамту, бостандыққа шыққан, соның ішінде рақымшылыққа іліккен тұлғаларды жұмыспен қамту, сондай-ақ, кәсіпорындардағы жұмыссыздық және жалақы берешегіне жол бермеу мәселесі талқыланды.
Зада Зейін