Рамазан Әйнегов триатлоннан жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының өкілі Рамазан Әйнегов Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық триатлоншы жарыс жолын 53 минут 27 секундта бағындырды. Ол жапониялық Дайки Нисидзакимен бір уақытта мәреге жетіп, үшінші орынды өзара бөлісті. Екеуі де жеңімпаздан 14 секундқа қалып қойды.

Португалиялық Артур Гашпар 53 минут 13 секунд нәтижесімен топ жарды. Ал Люксембург өкілі Эмиль Ванолст (53:23) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасындағы медаль саны екіге жетті. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған еді.

Еске салайық, бұған дейін триатлоннан Акаба қаласында (Иордания) өтетін Азия чемпионатына қатысушылардың алдын ала тізімі жарияланған еді.