Республика күніне орай елімізде 10 жаңа білім беру нысаны ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Республика күніне орай елімізде 10 жаңа білім беру нысаны ашылды. Жаңа мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары мен инновациялық оқу орталығы еліміздің төрт облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында пайдалануға берілді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астанада 1 500 орынға арналған екі жаңа оқушылар сарайы ашылды. Алматыда 880 орындық үш балабақша пайдалануға берілді. Жаңа нысандар мектепке дейінгі және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, балалардың жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасайды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп ашылды. Жетісу облысында Талдықорған қаласында 300 орындық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының жаңа ғимараты және Көксай ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық №5 мектептің жаңа ғимараты ашылды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ақтөбеде 300 орындық Aqtobe IT Hub инновациялық оқу орталығы ашылды. Мұнда жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттары бойынша білім алуға жағдай жасалған.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. 

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ балаларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.

Ел мектептерінде садақ атудан тегін секциялар іске қосылатынын жазған едік.