ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы екі қазандықтан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Риддердегі жылу электр орталығындағы екі қазандықта өрт шықты. ШҚО әкімі Даниал Ахметов бірден қалаға барып, шұғыл жиналыс өткізді.
«Орталықтың жаңа иелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті арқалай алмай жатыр. Технологиялық процестер бұзылған, инженерлік бақылаудың болмағаны анық. Қаңтар айынан бастап жаңа инвесторлар жабдықтарды жөндеуге, дебиторлық берешекті, отын жеткізушілер алдындағы борыштарды өтеуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат салған жоқ. Нәтижесінде, тағы бір төтенше жағдай болып отыр. Абырой болғанда, жабдыққа айтарлықтай зақым келтірілмеді. Қазір екі қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, тағы екеуі қыздырылуда», - дейді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, қаладағы үйлерде жылу температурасы біршама төмендеді. Бірақ бұл уақытша ғана, бүгін жылу температурасы қайта көтеріледі.
Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20:00-де Риддердегі ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.
Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды.
Қаңтар айының аяғында орталық иесінің ауысқаны белгілі болды.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.