Сенат депутаттары заң қабылдарда халықтың пікірін ескереді — Максим Споткай

АСТАНА. KAZINFORM — Сенаттағы заң қабылдау процесінде халықтың ой-пікірі ескеріледі және депутаттармен бірге білікті заңгерлер мен сарапшылар бөлімі тығыз жұмыс істейді. 

Фото: Видеодан алынған скрин

ҚР Парламент Сенаты аппаратының басшысы Максим Споткай Сенат қызметкерлерінің жұмысы туралы, сондай-ақ қоғам белсенділерінің сұранысы жайлы толығырақ айтып берді.

Оның айтуынша, Сенатты өңірлердің мүддесін қорғайтын палата деп қарастыруға болады. Ең маңызды функционал — заң шығару процесінде халықтың үні мен пікірі міндетті түрде ескеріледі.

Фото: Видеодан алынған скрин

— Біздің сенаторлар өңірлерді аралап, халықпен кездеседі, Парламент қабырғасында жеке азаматтарды қабылдайды. Мәселен, былтыр 400-ден астам азамат келіп, өз ұсыныстарын айтқан. Мұның жаңа цифрлық тетіктері де бар. Қазір e-Parlament платформасын жетілдіру бойынша Мәжілістегі әріптестермен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл үлкен әрі жаңа жүйе. Келешекте e-Gov порталы сияқты сұранысқа ие жүйеге айналарына үміттенеміз, — деді Максим Споткай Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Сонымен бірге, Сенат депутаттарына e-otinish порталы арқылы өтініштер келіп түседі. Онда да белгіленген мерзімде жауап беріледі немесе басқа мемлекеттік органдарға жіберіледі.

— Мәселен Сенатта 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық бюджет туралы заң қаралды. Біздің сенаторлар енгізген барлық түзету өңірлерде іске асып жатқан жобаларға қатысты болды. Мәжіліс те Сенаттың қосымша қаражат бөлу ұсынысымен келісті. Бұл да сенаторлардың өңірлерде жинақтаған ұсыныстарды ескеруінің нақты бір нәтижесі. Былтыр жоғары палата 104 заң жобасын қабылдады. Әрбір заңның артында үлкен жұмыс тұр, азаматтардың тағдырына әсер ететін құжаттар болғандықтан, өте мұқият қаралады, — дейді аппарат басшысы.

Фото: Видеодан алынған скрин

Сондықтан аппаратта аналитикалық бөлім мен білікті заңгерлер жұмыс істейді. Олар кез келген норманы сенаторлармен бірге мұқият қарайды.

— Сенаторлар да өзінің өмірлік тәжірибесі мен біліміне сүйенеді. Дегенмен, жасанды интеллект, цифрландыру, климаттың өзгеруі, экологияның өзгеруі секілді кейбір салалар — күрделі әрі жаңа бағыттар. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде сарапшылар көп емес. Осы айда Жасанды интеллект туралы заңды қарадық, кейбір өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтардық. Кейін оған Президентіміз қол қойды. Сенаторлар әрдайым әр саланың мамандарын шақырып, бірге талқылайды. Демек, заң шығару процесін жоғары деңгейде өткізіп жатырмыз деуге болады, — деді Максим Споткай.

Бұл ретте қоғам белсенділерінің ой-пікірі де заң қабылдау процесіне ықпал етуі мүмкін.

— Былтыр көші-қон туралы заңды қарадық. Заңда қандастарға қатысты біраз норма болды және олар үлкен резонанс тудырды. Сондықтан Сенатқа бірнеше хат келді, депутаттар қоғам белсенділерін арнайы қабылдап, ұсынымдарын тыңдады. Осылайша, құжатқа толықтыру енгізіп, Мәжіліске қайтардық. Тағы бір қызу талқы тудырғаны — тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң болды. Шынымен де әлеуметтік желіде, БАҚ-та бұл тралы көп материал шықты. Тек қана осы заң бойынша ата-аналар мен түрлі қауымдастықтардан 100-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың кей ұсыныстарын ескердік, кей нормалар бойынша дұрыс ақпарат пен түсініктеме бердік. Кез келген заңды қабылдарда қоғам белсенділерімен, сарапшылармен ақылдасамыз, — деді Сенат өкілі.

Мемлекет басшысы реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескере отырып, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлайтынын жеткізді.

Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсім аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады.

Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік реформа туралы пікір білдірген еді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.