Заң мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді және ұлттық заңнама мен оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
- Қаралып отырған заң жұмыс тобы отырыстарында жан-жақты талқыланды, сұрақтарға жауаптар алынды. Дегенмен, заңды жұмыс топтарының, комитеттің кеңейтілген отырыстарында қарау барысында заңнамалық сипатқа ие бірқатар ұсыныс пен ескертулер жинақталғанын атап өткіміз келеді, - деді сенатор Талғат Жүнісов.
Бұл тұрғыда заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы»
Заңында:
- телевизиялық жазбалар мен концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бейімделмеген орындарды қоспағанда, ұйымдастырушыларды, шығармашылық ұжымдарды және орындаушыларды концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалануына тыйым салуды көздейтін өзгерісті нақтылау;
- заңнамада белгіленген жағдайларда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу және музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалану туралы көрермендерді хабардар етуді міндеттейтін және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» қолданыстағы заңның тиісті нормасын осы түзетуге сәйкестендіру;
- жеке тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларында авторлық құқық объектілері саналатын туындыларды жария пайдалануы кезінде автордың (авторлардың) атын көрсетуге міндеттеу жөніндегі норманы қолданыстағы заңнамаға қатысты реттеу;
- орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді тиісті көлемде қаржыладандыратын жергілікті атқарушы органдардың тізімінен аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларды алып тастау жөніндегі түзетулер қамтылған.
- Сондай-ақ заңның кейбір баптарының күшіне ену мерзімдерін қайта қарастыру жөніндегі ұсыныстар қаралды, - деді депутат.
Еске салсақ, былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фонограммамен ән айту, авторлық құқық мәселесі заң арқылы реттелетінін айтқан еді.