Шекарадағы ұзынсонар кезек: Ақтөбе әкімдігі қандай келісімге келді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Жайсаң» шекара бекетіндегі күту аймағы биыл іске қосылады. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Kazinform сауалына Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі жауап берді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе-Орынбор облыстары арасындағы «Жайсаң» шекара бекетіндегі көлік кептелісі мәселесінің туындағанына екі жылға жуықтады. Содан бері шекарашылар, кеден қызметі, салық саласының органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жиналып, талқыға салып келеді. Бұл сұрақ көршілес елдер арасындағы кездесуде де айтылды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Ақтөбе облысы тарапынан шекара маңындағы инфрақұрылымға түсетін көлік жүктемесін азайту және «Жайсаң» автомобиль өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен және Ресей тарапымен бірлесіп кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта РФ шекаралық өткелде жолды кеңейту шараларын іске асыруды қолға алды. Бұл мәселе Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Орынбор облысына жұмыс сапары барысында да көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Кездесуде тараптар инфрақұрылымдық шешімдерді жеделдетуге және шекарадағы кезектерді азайтуға өзара мүдделі екенін растады. Сонымен қатар, «Каранар-Транс» ЖШС-і былтыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу мақсатында «Жайсаң» халықаралық автомобиль өткізу пунктінде «CarGoRuqsat» электрондық кезек күту аймағы жобасын іске асыруды бастады. Аумағы 4 гектарды құрайтын нысанның бірінші кезеңін биыл қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Күту аймағында жүргізушілерге арналған сервистік нысандар, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүй кешені болады. Жоба толықтай 2027 жылға дейін аяқталады.

Бұған дейін Kazinform агенттігі шекара түбінде орналасқан Жайсаң ауылы туралы жазды. Мұнда 3 мыңнан астам адам тұрады.