Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу қашан аяқталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының прокуратурасы Ш. Полатты өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталуға жақын екенін хабарлады.
Ведомстводан мәлім еткендей, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, барлық күдікті ұсталды.
– Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде. Сараптама қорытындысынан кейін іс процестің қатысушыларына танысу үшін беріледі. Сонымен қатар К. Нұрымовтың үйін өртеу және Н. Гаипбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істердің тергелуі Бас прокуратураның бақылауында екенін хабарлаймыз, - деп атап өтті прокуратурадан.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.