Шерзат ісі бойынша сотта үшінші айыпталушы жауап берді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгін сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды.
Одан кейін Нұрбол Тоқтаубаевтың інісі, айыпталушы Азамат Тоқтаубаев жауап беріп, болған оқиға туралы баяндады.
- Таныстарым «Эйфория» кафесінде отырғанын айтты, сөйтіп амандасып кетейін деген ниетпен бардым. Арада 20 минут өткеннен кейін ағам Тоқтаубаев Нұрбол кетіп қалды. Кафе жабылайын деп жатқанда, бәріміз тарқайық деп жатқанбыз. Сол кезде танысым Белғожаев Шыңғыс хабар берді. Дарханды емес, Нұрболды біреу ұрып кетті деп түсіндім. Жолда Дарханды ұрғанын естідім. Бірақ адамдар тобын құрып, пайдаланып, пышақ алу ойымызда болған жоқ. Рульде Шыңғыс, сосын Нұрқияс, Равиль, мен және екі қыз көлікте болдық. Абзалды үйіне кетіп қалды деп ойладым, – деді ол.
Айыпталушы Азамат Тоқтаубаев дүкен алдындағы жағдайды және жанжал қалай басталғанын да түсіндірді.
- «Қамажай» дүкеніне келдік. Бұрын онда кіріп көрмегенмін. Алдында бір топ бала тұр екен. Дархан Әскентай, ағам Нұрболды қосқанда 8 шақты адам тұрды. Мен бірінші болып топқа амандастым. Дарханның беті қанап тұр екен, «Нұрбол екеуің емханаға бардыңдар» деп айтқан болатынмын. Сөйтіп дүкеннің ішіне қарасам, 3 жыл бұрын көрген Қалиахмет Дидарды көрдім. Топтың арасынан өтіп, амандасайын деген ниетпен дүкенге кірдім. Амандасып тұрған кезде далада жанжал басталып кеткенін сездік. Далаға шыққанда төбелес басталып кетті. Артыма қарасам Қаржаубай мырза пышақпен тұр екен. Маған жас көрінді: «брат, қолыңыздағы пышақты тастаңыз, мен өзім тізімде жүрген адаммын, төбелес керек емес» деп айтып жатқан кезде мылтықтың даусы естілді. Сөйтіп мен шошып кеттім да, Шыңғыстың көлігінің артына тығылып қалдым. Ағамды атып тастамасын деп қолынан тарттым. Сол кезде Ғайыпбаев екінші оқты салып жатқанын көрдім. Негізі біріншісін «Мясная лавкаға» атты, мен оны сездім. Екіншісін «өлтірем» деп аспанға атты. Сол кезде балалар әрі қарай жүгіріп кетті. Сосын топтық төбелеске бара жатқан кезде аяғымның астына телефон ілінді. Қыздардың не бізбен келген жігіттердің телефоны түсіп қалды ма деген ниетпен алдым. 4-5 метр жүргенде алдымнан Нұрқияс Ілиясов шықты, қолында қаруы бар. Маған ұстатты да, «кеттік» деді. Мен Мерседес көлігіне өзіммен алып кеттім, – деді айыпталушы.
Сонымен қатар Азамат Тоқтаубаев Талғар тұрғыны түсірген жанжалдың бейнежазбасында өзінің жоқ екенін айтты.
- Айфоннан түсірілген видеода жоқпын. Қаржаубай мырзаға да қолымның ұшы тиген жоқ, інісіне де, баласына да қолым тиген жоқ, – деді ол.
Бұған дейін сотта 4 қазан күні болған жанжал бейнежазбасы жарияланды.
Өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды.
Сонымен қатар сотта дүкен камерасына түскен оқиғаның толық бейнежазбасы көрсетілді.
Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.