Шерзат ісі: куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алынып жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Қазір куәгер Эльмира Нұрбекова жауап беріп жатыр.
Бұған дейінгі сот отырысына екі әйелдің бірі Эльмира Нұрбекова куәгер ретінде қатысты. Ол орыс тілінде жауап беретінін айтып, аудармашының көмегіне жүгінген еді.
Бүгін жәбірленушінің өкілі куәгерден Талғардағы қай мектепте оқығанын сұрады. Адвокат Эльмира Нұрбекованың бұған дейін тек қазақ тілінде жауап бергеніне соттың назарын аударды.
Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов куәгерге орыс тілінде жауап беруге рұқсат берілгенін еске салды.
– Мен сотқа дейінгі тергеу барысында орыс тілінде жауап бердім. Сондай-ақ бізден екі күн бойы 100-ге жуық адам жауап алды. Мен тезірек қолымды қойып кетуге асықтым, – деді Эльмира Нұрбекова.
Қазір сотта куәгер Эльмира Нұрбекованың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы түсірілген видео көрсетіліп жатыр. Онда ол қазақ тілінде жауап беріп отыр.
Айта кетейік, куәгер өткен сот отырысында, бүгін де орыс тілінде жауап беріп жатыр.
Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың қашан жан тапсырғанын айтты.
Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.