Шерзат ісі таяу күндері сотқа жолданады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс сотқа осы аптада түсуі мүмкін екенін айтты. Дегенмен ол негізгі сот отырысы қашан басталатынын нақтыламады.

Фото: Kazinform

- Қазір Шерзаттың ісі прокуратураның қарауында жатыр. Таяу күндері, яғни осы аптада сотқа жолданады деп санаймыз. Ал сот отырысының қашан басталатынын соттың өзі шешеді. Іс сотқа түскен кезде, оны қарайтын судья анықталады, - деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жасар жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз.

Биыл ақпан айының аяғында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталғаны жарияланды.

Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданған.

Полиция мәліметінше, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді.