Шерзат ісіне байланысты сот қашан басталатыны белгілі болды
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - Алматы облысының соты атышулы іс бойынша сот отырысы қашан басталатынын хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, іс бойынша алдын ала тыңдау 10 сәуір сағат 12:00-де Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Қаблиса жырау көшесі, №65 мекенжайында орналасқан Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтеді.
- Ашық сот отырысының өтуі тағайындалды, - деп хабарлады облыстық сот.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Кейін Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай ұсталғанын жазғанбыз.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталғаны хабарланды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.